Политологи опасаются дальнейшей эскалации
Қала күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бір топ белсенді жастармен кездесті. Кездесу «Мотор» ойын-сауық орталығында еркін форматта өтті. Оның барысында қазіргі қоғамдағы орын алып жатқан түрлі мәселелер ортаға салынды. Жастар қала әкіміне көкейінде жүрген сауалдарды қойды. Тұшымды жауап алды деп хабарлайды Рейтинг газеті.
- Жақында мені іздеп бір ел ағасы келді,- деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. - Жанында ұлы бар. «Баламды қызметке тұрғыз» дейді. Баласы оқуды енді аяқтаған студент болса мейлі, түсінер едім. Жоқ, 40-ты алқымдап қалған жігіт ағасы еді. Сосын мен құрдасыма «әкеңді араға салуға ұялмайсың ба? Намысың жоқ па?» деп айтып, ақыры, оны жұмысқа қабылдамадым. «Дайын асқа тік қасықтарды» жақтырмаймын. Кейін әкесі бұған ренжіп, «енді сені тойыма шақырмаймын, көрмегенім сен болсын» деп есікті тарс жауып, менімен ат құйрығын үзісті. Жалпы, мен өзім тойға барғанды ұнатпаймын. Той-томалақтан аулақ жүргім келеді. Онда барсаң, көптеген адамдар жеке басына қатысты мәселерді айтып, шешіп алуға тырысады. Мен мұндайға қарсымын.
Жұмысқа кіру үшін ақша сұрайды дегенді жиі естимін. Мұны мәселе етіп көтеру қажет те емес. Бастысы, сіздер ақша бермесеңіздер болды емес пе? Әлгі бастықтан заңды талап етіңіздер. Әрине, тек бір адам талап етсе, бәлеқор болып шыға келеді. Сол үшін бәріңіз талап етіңіздер. Мұндай бассыздыққа қоғам болып қарсы тұру керек. Сол кезде жемқорлық жойылады. Және тағы бір айта кетерлігі, жұмысқа ақшаны кімдер береді? Әрине, өзіне сенімсіз, білімсіздер береді. Ал, білімділер «мені жұмысқа алсаң ал, алмасаң қой» деп қасқайып тұрады. Керісінше, білікті маманға жұмыс берушілер өздері ақша ұсынады, яғни жоғары жалақы төлейді. Бір-бірімен таласып қалады. Мысалы, біздің әкімдікте бос орындар бар. Бірақ, білікті мамандар болмай тұр. Мен өзіне жүктелген міндетті сапалы атқаратын жоғары білімді қыз-жігіттерді ылғи іздеп жүремін. Егер сондайлар келіп жатса, қуана-қуана қызметке қабылдар едім.
Жақында Шымкентте мектепке мұғалімді директор емес, арнайы құрылған комиссия конкурспен қабылдайтын болады. Қаладағы басқа мекемелерге де осы жүйені енгізсем деймін. Қазір осы мақсатта жұмыстар атқарылуда. Бұл - жемқорлықты жою үшін істеліп жатқан жұмыс. Алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп сенемін.
Кезінде мен жұмысқа ақша бермей, конкурс арқылы қабылдандым. Содан бері өз міндетімді абыроймен атқаруға бар күшімді салып келемін. Мысалы, қазір мен қала әкімімін. Бірақ, мен мұнда мәңгі отырмаймын ғой. Ертең басқа жаққа кетсем, артымнан мен туралы жақсы әңгімелер айтылса екен деймін. Сол үшін бұқара мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше, яғни үлгергенімше талап-тілектерін орындауға тырысамын.
Мен жұмыс істегенді жақсы көремін. Бір сәт қарап отыра алмаймын. «Қатып қалған», яғни ұзаққа созылатын ресми жиналыстарды жақтырмаймын. Үнемі костюм-шалбар кигім, галстук таққым келмейді. Еркін жүргенді қалаймын. Мысалы, мен «Болашақ» бағдарламасымен Германияда білім алдым. Сонда байқағаным, қала мэрлері жұмысқа қарапайым джинсы шалбар киіп келе береді. Көбіне қоғамдық көлікпен, велосипедпен қатынайды. Осылайша олар халықпен етене араласады. Әкім кім, қарапайым қала тұрғыны кім, ажырату қиын. Еуропада бұл қалыпты жағдай. Ешкім «әкім осылай істепті» деп сөз қылмайды.
Салауатты өмір салтын ұстанғанды құп көремін. Кейде жұмысқа велосипедпен барамын. Қаланы өзі де, терезесі де қап-қара «Мерседеспен» аралаған бір бөлек, велосипедпен аралаған басқа әсер сыйлайды. Көбіне көңіліңді түсіреді. Сонда көшедегі кемшін тұстарды, жолдағы ой-шұқырларды байқаймын. Сосын дереу осыған жауаптыларды шақыртып алып, олқылықты тез арада жоюға тапсырма беремін. Әрі ұмыт қалдырмай, қадағалап отырамын.
Қаладан талантты жастар орталығын ашқым келеді. Мұнда олар бір-бірімен пікір алмасады, идеялар айтады. Бойындағы «потенциалды» ашады. Маңызы зор тың жобалар осындай ортада дүниеге келеді. Сондықтан, алдағы күнде осыны терең зерттеп, жан-жақты ойластырып барып іске асырмақ ойым бар.
Дендросаябақтағы балалар темір жолын бәріңіз білесіздер. Мен бұрын соның орнына жүгіру алаңы және вело алаң салғым келді. Тұрғындарға спортпен таза ауада айналысуға жағдай жасағым келген. Бірақ, балалар темір жолы өзіндік тарихы бар жоба. Сондықтан, ел менің бұл бұл бастамама қарсы шығатын шығар деп, ойымнан айныдым. Дегенмен, бұл туралы ел ішінде сауалнама жүргізу керек. Халық не айтады, сол болады. Себебі, әкім – халық қызметшісі.
Қазір Шымкенттік талантты жастар Алматыда, Астана жұмыс істеп жүр. Соларға материалдық жағдай жасап, неге өзімізге қайтармасқа деген сөздер жиі көтеріледі. Әрине, бұл ойларыңызбен келісемін. Дегенмен, мен оларды Шымкентке қайтарғым келмейді. Себебі, мұнда олар «провинциал» болып қалады. Яғни, жергілікті деңгейде қалып қояды. Бұл – талантқа жасалған қиянат. Адам өсу керек. Ол үшін адам өзін түрлі ортада сынап көргені маңызды. Жергілікті таланттар Шымкентті бағындырып, Астанаға кетем десе, еш қарсы емеспін. Керісінше, қуанамын. Астана оған «тар» болса, Лондон, Нью-Йорк, Голливудқа барсын. Осылайша, ол тәжірибе жинап, шыңдалады. Түрлі мәдениеттермен бетпе-бет келгесін өмірге деген көзқарасы өзгереді. Мысалы, әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетов өзіміздің Гурьевте дүниеге келген. Тынбай еңбек етіп, әлемдік деңгейге шықты. Мен де біздің таланттарды осындай биіктерден көргім келеді. Кейін өте бай тәжірибемен Шымкентке қайта оралып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Шымкент – тарихы тым тереңде жатқан қала. Бізге осыны жаңғыртып, кеңінен насихаттау керек. Мен әлі-ақ Шымкент Қазақстандағы туризм орталығы болады деп сенемін. Сол себепті, осыған әрбір қала тұрғыны ат салысса, мәдениетті болса деймін. Ең маңыздысы, жұрт менталитет тұрғысынан өзгеру керек. Бұрынғы «көке, жәке» іздейтін, тамыр-таныстықтан арылып, жастар тек өзіне сенсе деймін. Заманауи болатын кез келді.