"Хаха Шоу" жобасы - бүгін өздерің көпшілікке инстаграмм желісі арқылы, қазақша вайн жүргізуші әзілкештер ретінде танып үлгерген екі жас жігіттердің еңбегі. Бүгін сіздерді олармен жақынырақ таныстыргымыз келді. Ақсүлтан Қалиев пен Заңғар Зекенов бір сәт қол үзіп, бізбен тілдесуге келісті.


ZTB: Өздерің жайлы айта отырсаңдар. Қай өңірдің тумасысыңдар?


Ақсұлтан:
Біз Семей қаласынанбыз. Осы жерде, "Найман емессіңдер ме?" деген сұрақтың тууы әбден мүмкін (күліп). Біреуге қызық болса жауабымыз: "Ия, біз найманбыз".

Ал жекелей танысар болсақ, менің есімім Ақсұлтан, достарымның Акс немесе сары деп еркелетіні бар. Ата-анам санама сіңірген "жігітке жеті өнер де аз" деген принцип бойынша, кішкентайымнан ән айтып, домбыра тартып, есейе келе гитарада ойнауды үйрендім. Негізі, мектеп қабырғасындағы ерекше белсенділігім, квн ойнаудан басталған болатын.


Әңгімемнен байқасаңыздар, өнерді жақсы көремін, ерекше бағалаймын. Өзімнің де басты армандарымды дәл осы жолмен байланыстырамын. Бірақ, бір қызығы, қазір мен өнерде немесе журналистика саласында емес, экономика факультетінде оқып жүрмін. Бәлкім, өнерім өзімнен қашпас, бастысы соны табыс көзіне айналдырудың жолын тауып алайын деген болармын (күледі). Әрине бұл әзіл. Елімізге жақсы экономист мамандар да керек. Қолдан келсе, негізгі мамандығым мен өнерімді қатар алып жүретін боламын.



Заңғар:
Менің есімім Заңғар. Шыңдығына келсек, әзілге аса жақын емес едім. Бала кезімнен тек компьютерлік бағдарламалар мен қобыз асбабына деген әуестігім болған. Оныншы сыныптың аяғында өзімді жаңа қырымнан байқап көру үшін, бизнеске деген біраз құзығушылықтар таныттым.


Қазіргі таңда, өзімнің арманымда болған "Қоғаммен байланыс" мамандығына оқимын және болашағымды осы мамандықпен байланыстырамын. Ал, қолым бос бола қалса, мамандығым бойынша, түрлі шет елдік тәжірибедегі кітаптарды оқимын.


ZTB: Заңғар, "Хаxа шоу" жобасына қалай келдің? Жалпы, сенің мамандығыңа қатысы бар деп ойлайсың ба?



Заңғар:
Әрине, тікелей қатысы бар. Бастапқыда, Ақсұлтан екеуміз университет қабырғасындағы түрлі шараларға қатысып жүретінбіз. Кейін, жаңаша, тың дүниемен айналысуымыз керек екенін түсіндік. Содан, сәуір айында Ақсұлтан "Хаxа шоу" жобасын ашып, сол жобаға мен де өзіндік үлесімді қосып келемін.


Ал, мамандығыммен байланысына келетін болсам, "Хаxа Шоу" - қарапайым қазақ отбасыларының тұрмыстағы қызықтарынан тұратын, нағыз бүгінгі қоғаммен байланысқа түсетін, және өзіндік имиджі болуы тиіс жоба. Сондай-ақ, міндетті түрде пияр керек. Бұл тұрғыда негізгі жауапкершілік менде және мен, өз міндетімді дұрыс атқарып жатырмын деген ойдамын.


Айта кететін тағы бір жайт, бұл Ақсұлтан екеумізге үлкен тәжірибе беруші кішігірім бастама. Бұйыртса, болашаққа көптеген жоспарларымыз бар.


ZTB: Раxмет. Жарайсыңдар! Бастамаларың жаман емес. Ал, екеуің қалай танысқан едіңдер?



Ақсұлтан:
Раxмет, екеуміз мектеп кезінен доспыз. Алғашқы таныстығымыз футбол алаңында ерегесіп қалудан басталған. Басы қатты болса да, қазір ең жақын достармыз. Кейде адамдар жалғыз жүргенімізді көрсе, "егізің қайда?" деп те сұрайды. Бір мектепті бітірдік, кейіннен екеуміз де Астана қаласына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне оқуға түстік. Байқасаңыздар, университет қабырғасында да түсірген бірнеше видеомыз бар.



Заңғар:
"Хаха Шоу" жобасы 2015 жылдың көктемінде ашылды, қазір шығармашылығына жарты жылдан астам уақыт өтті. Бүгінгі күнде Қазақстандағы №1 қазақ тіліндегі инста вайн жоба. Авторы Ақсұлтан.



Бұл жоба еліктеуден бұрын, бәсекелестік көрсету мақсатымен ашылған. Неге олай десеңіздер, елімізде вайн түсіретін жастар аз емес, бірақ солардың арасында Қазақстан туралы әзілдегенімен ана тілімізде түсірушілер жоқ, әрине көңіл қуантпайды. Себебі жастар әлеуметтік желілерде жиі отырады, ал олардың күнде көргені орысша болғаны біздің ойымызша біраз қате. Ал біз, қазақ тілін сол жастардың арасында модаға айналдыруға үлесімізді қоса алсақ, негізгі мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.



О баста көздегеніміз де қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, отандық және ана тілімізде де сапалы , әрі сұранысқа ие өнім шығаруға болатынын өзгелерге дәлелдеу болатын. Әрине өзіміздің бағымызды сынағымыз келгені тағы бар.


ZTB: Неге "Хаха Шоу"?



Заңғар:
Көпшілік "Хаха Шоу" деген қазақша сөз емес деп ойлауы мүмкін. Бірақ "Хаха" бұл күлкі, қалай естілсе, солай жазылады. Ал, "Шоу" сөзі көп тілде қолданылады. Демек, күлкілі шоу. Сосын өз парақшамызға міндетті түрде астын сызып №1 қазақ тіліндегі инста вайн деп жазамыз.


ZTB: Вайн өтімді болуы үшін идеяны қайдан аласыздар?



Ақсұлтан:
Вайн түсіргенде қарапайым өмірдегі жиі болатын қызықты оқиғаларды күлкілі етіп түсіреміз, бар болғаны сол. Өмір өтіп жатыр, оның қызығы таусылмайды. Демек сценарий да шексіз деген сөз. Жобада қыздар жоқ, сол себепті, орамал тағып, қыздың, ананың рөлін өзіміз сомдаймыз. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймыз. Білуімізше, кезінде Мұхтар Әуезов бастаған жастардың қойған көрінісінде ер балалар – қазақ қызы болып киінген екен. Шоу бизнестің танымал өкілі Нұртас Адамбаевтың туындысы "Келінка Сабинка" да біраз адамның сынына ұшырағанымен, басым көпшілігінің көңілінен шықты деуге болады. Біз мұны өнер деп білеміз және дұрыс қабылдаймыз. Сондықтан, өнерді түсінетін қауым мұндайға дұрыс көзқарас білдіреді деп есептейміз.


ZTB: Вайн түсірген кезде қандай да бір қиындықтарға кезіккен сәттеріңіз болды ма?



Ақсұлтан:
Әрине, біз бұл саланың проффесионалы емеспіз, бізге камерамен жұмыс жасау, видеоны өңдеу алғашында қиын, әрі тың дүние болды. Қазір үйреніп кеттік.

Ал, екіншіден, қазақ тілінде түсірілген видеоға аудитория жинауға біраз қиынырақ. Себебі, орыс тілді жобалар ТМД елдеріне жұмыс жасайды, яғни оларды тек Қазақстан емес, Ресей, Украина, Белорусия т.б . xалықтар көре алады. Мүмкін кейбіреулер сол себепті орысша түсіреді. Бірақ, біз үшін қазір маңыздысы басқада болып тұр.


ZTB: Басқа вайнерлермен бірігіп жұмыс жасау ойларыңызда жоқ па?


Заңғар:
Біз тек қазақ тілінде сөйлегеннен кейін болар, басқа вайнерлармен қарым қатынасымыз аса жақсы деп айта алмаймын.


Ақсұлтан: Біз олармен бір әлемде емеспіз. Оларға еліктемейміз де. Қарым қатынас жасауға әрекеттер болды, бірақ біз олар сияқты орыс тілінде түсіргіміз келмегендіктен, ал олардың қазақша сөйлемеуі себебінен түсініспеушіліктер болды. Бізге нағыз үлгі деп "Ду Қол Шоколад" немесе Тұрсынбек Қабатов сияқты белгілі шоу бизнестің әзілкештерін ғана айта аламыз.


ZTB: Университеттегі ұстаздарыңның жобаға сыни көзқарас танытқан кездері болды ма? Мүмкін керісінше қолдап, ақылдарын айтатын шығар.. Жалпы үлкендер көреді ме?


Ақсұлтан:
Қазіргі таңда Хаха Шоу-ды 160 мың адам көреді. Алғашқы бастама үшін, бұл өте үлкен жеміс деп білеміз. Кейбір өзге ұлттың өкілдері вайндарымыздың аудармасын сұрап, кейбірі қазақша сөйлемесе де қызығушылығы оянып түсінгісі келгені өте қатты қуантады. Айтпақшы, бізді Қытайдағы қазақ бауырлар Weibo желісі арқылы көреді екен, оны да мақтанышпен айтуға болады.



Заңғар:
Жоба тек әзілге құрылғанымен, парақшамызды жастармен қоса танымал және елге сыйлы кісілер де қарайды. Себебі біз, мағыналы әрі әлеуметтік мәселені қозғайтын әзілдерді шығаруға тырысамыз. Жоба жайында Балғынбек Имашев сияқты ағаларымыз жақсы көзқарас танытқан болатын. Ал, бізге тікелей көмек беретін ағалар арасынан, университетіміздің жастармен жұмыс жасау департаментінің басшысы Мадибеков Әлібек Серғазыұлын ерекше атап өткіміз келеді.


ZTB: Алдағы жоспарларыңыз жайлы не айтар едіңіздер?



Заңғар:
Болашақта жобамызды инстаграм желісінде ғана емес, мүмкін теледидарда, мүмкін басқа да ірі кәсіпқой ортада жалғастырғымыз келеді. Сол үшін жұмыс жасайтын боламыз.



Ақсұлтан:
Осы жобаның жұмысы барысында, Ал давай тобы, Марат Оралгазин, Кешyou, Даулет Болатов, Мөлдір Әуелбекова сияқты Қазақстанның танымал жұлдыздарымен танысып, қолдау көріп жүрміз. Әрине, алғысымыз шексіз.


ZTB: Қызықты сәттеріңізге тоқталсаңыздар...



Ақсұлтан:
Күнде күлкілі вайн түсіргеннен кейін бе, біздің әр күніміз ерекше қызықты өтеді. Ең керемет сәт, ол әрине жанкүйерлердің жылы лебізін есту. Олардың әрқайсысына ерекше алғыс айтамыз. Себебі біздің жұмысымыздың ілгері жүруі тек көрермендердің арқасында.


ZTB: Бос уақыттарыңызды қалай өткізесіздер?


Ақсұлтан:
Заңғар бос уақытында жаңа мүмкіндіктер іздеумен айналысады, оған маркетинг, пиар, бизнес және кітап оқу жақынырақ. Ал мен, көбіне корпоратив жиындар мен мерекелік кештерді жүргізгенді ұнатамын. Былайша айтқанда нағыз шоуменмін (күліп). Негізі киноға түсуді қалап жүрмін.



Заңғар:
Арасында ғаламтор желілерінде жазбалар да жазатыны да бар.


ZTB: Керемет, еркін сұxбаттарыңызға раxмет. Қорытынды сөз айтсаңыздар...


Ақсұлтан:
Алдымен, ЗТБ парақшасына алғыс білдіреміз, әріптестігіміз соңғы рет емес деп сенеміз. Оқырмандарға айтарымыз, бізден қызықты тосынсыйлар күтіңіздер, алда сіздерді қуантатын боламыз.

Теги: ,

Другие новости