Оңүстік Қазақстан облысында 60 жасар Бейсенкүл Әбубәкірқызы қызынан айырылып қалудан қорқады. Сегіз жыл бұрын әйел дарбазаның алдынан жаңа туған нәрестені тауып алып, өзіне қалдырған екен. Енді қарт асыраушы қызынан айырылып қалудан қорқады. Бұл жөнінде ақпаратты «31 арна» хабарлайды.




Осы күнге дейін Бейсенкүл апа қызын өзінің атына жаздыра алмаған.Құжаттары болмағандықтан, Инабат ресми тіркелмеген тұлға болып табылады. Бірақ қыздың туу туралы куәлігін алса, анасы одан айырылып қалуы мүмкін екен.


Әйелдің үлкен төрт баласы үйленіп, жеке үй болып кеткен, ал күйеуі бірнеше жылдан бері басқа қалада жұмыс істейтін көрінеді. Бейсенкүл мен Инабат бірге тұрады, бірақ заң бойынша, екеуі бір-бірінің ешкімі емес.


«Мен оны тауып алғанда, аудандық ІІБ-ден, прокуратурадан, әкімдіктен адамдар келді. Мен түсініктеме жаздым, бірақ ешқандай жауап болмады. Қанша жыл болды, құжат толтырып, бірдеңе жазамын да жүремін. Адвокатқа да ақша төледім, ол көмектесуге уәде берген. Бірақ сол күйі ештеңе істемеді», -дейді зейнеткер.


Қарт әйел өзінің сегіз жыл бұрын, дарбазаның алдынан кішкентай сәбиді қалай тауып алғанын есіне алды. Бұрын акушер қызметін атқарған әйел баланың туғанына бірнеше сағат қана болғанын біліпті. Бейсенкүл полиция қызметкерлерімен бірге қыздың анасын табуға қанша тырысса да, нәтиже болмаған. Сол кезде барып, баланы өзіне қалдырыпты.


Инабат оқитын мектептегілер де уайымдап отыр. Құжаттары жоқ болса да, қызды бірінші сыныпқа қабылдаған екен.


Шардара аудандық Аманжолов атындағы орта мектеп директоры Сырлыбек Шынтаев: «Біз баланы құжатсыз қабылдай алмадық, бірақ қол ұшын созғымыз келді. Есептер мен жазбаларда оның есімі жоқ. Бірақ үлгерім табелін жүргізіп жатырмыз. Ол жақсы оқиды, ұқыпты бала. Құжаттар дайын бола салысымен, тестілеуден өткізіп, екінші сыныпқа ауыстырамыз»,-дейді.


Аудандық білім бөлімі бұл оқиға жөнінде біледі, тіпті зейнеткерге құжат жинауға көмектескен де екен. Келесі аптада қызға бірінші, уақытша туу туралы куәлігін беру туралы сот отырысы өтпек. Осыдан соң, Бейсенкүл Әбубәкірқызына қызды асырап алу мәселесін тағы сот арқылы шешуіне тура келеді. Зейнеткер қыздың жасына қарап, оны өзінен тартып алады ма деп те қорқады.

Другие новости