ҚР Индустрия мен инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 18 қараша күні өткен үкімет отырысында баспана беру мәселесін шешуге бағытталған жаңа тұрғын бағдарламасының құрылғанын айтты.




Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кыркүйекте жолдаған жолдауында «бірыңғай тұрғын үй саясатын жүргізу» туралы тапсырма берген болатын. Осы жылдың соңына дейін негізі жасалып бітуі тиіс бағдарламаның бірі – «5-20-25» тұрғын үй бағдарламасы еді.


- Жаңа тұрғын үй саясаты бойынша баспана халықтың табысына қарай берілетін болады. Отбасының жалпы табысы бір мүшесі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейімен бірдей (29 мың 700 теңге) азаматтарға, жетім балаларға, 1 және 2-топтағы мүгедектер, зейнеткерлерге жалдамалы пәтер беріледі. Ал екі күнкөріс деңгейімен тең (59 мың 400 теңге) кезекте тұрған азаматтарға «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспана беріледі. Ал 3,1 күнкөріс минимумына тең (92 мың теңгеге дейін) отбасылардың «5-20-25» бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Әкімдіктің несиелік баспанаға үміткер топтарына – әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер, құқық қорғау органы қызметкерлерінің бұл бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі зор. Ал 3,1 күнкөріс минимумынан жоғары табысы бар тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасы тиімді, - дейді Атамқұлов баяндамасында.


Жаңа бағдарламаның аты айтып тұрғандай, ипотекалық займ 5 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Ал бастапқы жарна баспана бағасының 20 пайызын құрайды. Жоғарыда айтқанымыздай, «5-20-25» бағдарламасына отбасының әрбір мүшесінің табысы 92 мыңға дейінгі жанұялар қатыса алады.


- Тұрғын үй кезегі айқын топтарға бөлінген: жетім балалар, көпбалалы отбасы, мүгедек баласы бар ата-ана, мемлекеттік қызметкер, бюджет қызметкері және басқалар. Топқа қарап, кімнің пәтерге мұқтаж екенін білу мүмкін емес. Сондықтан кезекте тұрғандарды табысына қарай жіктеуді жөн көрдік, - деп хабарлайды министрлік.


Қазіргі уақытта Қазақстанда 526 мың адам үй кезегінде тұр. Соңғы екі жылда 300 мың отбасыға пәтер берілген.


- Біз ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 13 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына арнаған жолдауында қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай тұрғын үй саясаты аясында біріктіріп, 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар мемлекет басшысы халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бағдарлама жобасының негізгі мақсаты – үйдің қолжетімділігін арттыру. Әрбір қазақстандыққа тұрғын үй мәселесін өз табысына қарай шешуге мүмкіндік берген. Бұл ретте қолдауға мұқтаж, әлеуметтік әлсіз топтарға басымдық беріледі, - деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Другие новости