Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саналы ғұмырында сарабдал саясат жүргізу үшін әрі әлемдік, халықаралық аренада болсын, халық арасында болсын, қорғасындай құйылып, бір қалыпқа тұжырымдалған идеяларды ойлап табумен, ұсынумен болды. Мұны концептуалды идеялардың кешені немесе идеялық тұжырым деп атасақ болады. Елбасының алғашы ғаламдық саясатта ұсынған идеяларының бірі ядролық қарудан бас тарту саясаты әлемдік қауымдастық тарапынан үлкен қолдау тапқаны белгілі әрі осынау алапат қарудан бас тартудың үлгісі мен Қазақстан қазіргі уақытта ортақ ұғымға айналған.



Елбасының осы күнге дейін ұсынған, кейбірін жүзеге асырған, өзектілігін әлі жоғалтпаған осындай концептуалдық идеяларының кейбіріне тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Өйткені мұндай идеялар Қазақстанның геосаясаты мен идеологиялық мақсатының қандай екендігін көрсете алады.

Үлкен Еуразия идеясы

Елбасы Үлкен Еуразия концепциясын 2015 жылы Біріккен ұлттар ұйымының бас штабында баяндама жасау кезінде ұсынған еді. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин ұсынған «Ұлы Жібек жолын» жандандыру идеясын дамытып, оның халықаралық геосаясат пен құрылымдық-логистикалық салада қаншалықты маңызды екендігін алға тартып, «Үлкен Еуразия» идеясын қолдаған болатын.


Негізі, «Үлкен Еуразия» терминін 2013 жылы ағылшын ғалымы Майкл Эмерсон ұсынған. Бұл концепция Еуропа мен Азия елдерін Еуразияның суперқұрлық құрылымына қосылып, стратегиялық қауіпсіздік, саяси идеология, әлеуметтік-экономикалық, мәдени салада біріктіруді қалайды. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл концепцияны жүзеге асыру үшін алдымен Орталық Азияны Еуропамен, Қытаймен жақындастыру қажет деп санайды.


Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ, Ұлы жібек жолы жобасын әкеп ЕуроОдақпен біріктіру керек дегенді алға тартады. Егер Елбасының «Үлкен Еуразия» идеясы шынайы жүзеге асатын болса, онда Қазақстан Тынық мұхиты мен Еуропаны жалғаушы транспорт дәлізіне айналмақ. Сол себепті Қытайдан Еуропаға және Еуропадан Қытайға тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан жолдары арқылы өтіп, Орталық Азия елдерінің бюджеті қалыңдамақ. Ғалымдардың есептеуінше, Қытайдың қазір Тынық мұхиты арқылы Еуропаға тасымалдап жатқан жүгі қазақ даласы арқылы өтсе, екі есе аз уақытта діттеген жеріне жетеді екен.


Қазіргі уақытта Хоркоспен Атырауды жалғап жатқан Ұлы Жібек жолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігінің жартысынан астамы бітті. Енді 2020 жылдан бастап бұл күре жол Қазақстанға табыс әкеле бастауы керек.


Елбасы жақында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің ашылуына қатысып, «Үлкен Еуразия» идеясын тағы да әлем алдында еске салды.


Мәңгілік ел идеясы


«Мәңгілік ел» идеясы – қазақ философтарының көне Күлтегін мұрасынан қорытып шығарған көпшпенділер танымына тән бірегей ұлттық идеясы. Бұл идея, бәріміз білетіндей, Ә. Бөкейханның «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» дегені дөп келеді. Яғни, осынау «Үлкен Еуразияны» бағындырған жауынгер көшпенділер мәңгілік, құламайтын, мызғымайтын елді құру үшін осынау ұлан-ғайыр жерге ие болып қалған.


Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл ұлттық идеяны 2014 жылы ұсынып, қайта жандандырғандай болды. Осылайша кемел келешекке байсалды қадамдар жасау үстіндегі тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты артта қалған ғасырлар құндылығымен сабақтасып, жалғасып жатқаны, біз Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған мұрагері болып табылатынымыз ресми дәйектелді. Қазақстанның идеологиялық тұрғыдан қайда жылжып бара жатқаны анықталғандай болды. Бұған дейін экономиканы жоғары орынға қойған Елбасы енді елдің рухын, ұлттық келбетін қайтаруға жұмыс жасай бастады.


Түркістан идеясы


Түркі халқына киелі тағы бір идея – бұл Түркістан идеясы. Яғни, түркі халықтарының алтын бесігі – киелі Түркістанды бүкіл түркілердің орталығы қылу идеясы бүгінгі күнде өте өзекті болып отыр. Түркістан жалпы, Орталық Азияда дәуірлеу дәуірімен бірге көтеріліп келе жатқан атау. Бұрын Тұран деп те аталған түркілер елі Түркістан – негізінен мұсылман-түркі өркениетінің де бесігі саналады.


Бұрынғы Ясы, қазіргі Түркістан қаласының атауын де қазақ хандары қойған. 17 ғасырда Ясы қаласын Қазақ хандығының құрамына қосқан Есім хан түркі әлемінің рухани орталығы болсын деген ниетпен қалаға «Түркістан» атауын береді. Содан бері Түркістан қаласы ғана емес бүкіл Түркістан идеясы қазақ халқының еншісіне жазылған ұлттық идеясына айналды.


Ал 2018 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Шымкент бөлек, ал Түркістан облысын бөлек бөлу туралы жарлығы әрі Түркістанды облыс астанасы ету бастамасы Түркістан идеясының қайта жандануына түрткі болды.


Елбасы Түркістан идеясын қыркүйекте Әзірбайжанда өткен Түркі кеңесі елдерінің отырысында Түркістанның түркі халықтарының алтын бесігі екендігін еске салып, оны жандандыруға бірге күш салуды ұсынды.


Ал кейін 2020 жылы түркі халықтарының басшыларын Түркістанға жинау туралы ойын да елге мәлім етті. Одан бөлек, Түркістанды астана ету туралы ойы біраз жұртты ойландырып тастағаны белгілі. Түптеп келгенде, Түркі әлемінің жастарына шын мәніндегі сапалы да терең білім беретін және нағыз ғылыми, мәдени-рухани орталық етпектің ерекше жолдары қарастырылып, нақтылы жұмыстар атқарылады деп сенеміз.

Другие новости