Павлодарда жоғары оқу орындарында білім алатын тұрақты баспанасы жоқ тәртіпті студенттерге тегін жатақхана ашылды. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.




Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің имамы жатақхананың Усолка ықшам ауданында орналасқанын айтты. Есімін атаудан бас тартқан кәсіпкер ескі ғимаратты жөндеуден өткізіп, мешітке тегін берген. Имамдар мұнда баспанасы жоқ студенттерді тұрғызуды ұйғарған.


«Екі қабатты ғимараттың 16 бөлмесі бар. Әр бөлмеге екі баладан алатын болсақ, 32 студентті уақытша баспанамен қамтуға мүмкіндігіміз бар. Өздеріңіз білесіздер, қазір жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің барлығы тегін жатақханамен қамтылмаған. Соның салдарынан қаншама жастар жалдамалы пәтер жағалап жүр. Біздің мақсатымыз – сондай жастарды осындай діни, рухани орындарға тартып, оларға қамқорлық көрсету. Егер мұқтаж жандарға біз көмектеспесек, оларды басқа діни ағымның өкілдері ертіп кетуі әбден мүмкін ғой. Өйткені, баспанасыз жүрген балалар кез келген адамның сөзіне иланғыш келеді. Болашақта мұнда ұстаз тағайындап, Ислам діні талаптарына сай білім алуға ниетті жастар үшін діни дәріс ұйымдастыратын боламыз», – дейді Хасан Аманқұлов.

Студенттер үшін облыста мұндай тегін жатақхана алғаш рет ашылып отыр. Шәкірттер 13 қарашадан бастап қоныстанатын болады. Келесі жылы да қыздарға арналған студенттер үйі ашылмақ.

Другие новости