Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдардың 100 пайызы және облыстық деңгейдегі автожолдардың 95 пайызы жөнделіп бітеді.



Мұның барлығы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұған 6,5 трлн теңге бөлінеді. 2015 жылдан басталған бұл мембағдарлама көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық және туристік инфрақұрылымдарды дамыту, бірыңғай электр энергетикасы жүйесін дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту шаралары қолға алынған.


Бағдарламаның 2015-2019 жылдарға арналған кезеңі аяқталып, енді 2020-2025 жылдарға арналған кезеңі іске қосылмақ.


- Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек» деген болатын. Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады, - деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында.


Ал үкімет басшысы Асқар Мамин Үкімет отырысында 2015-2019 жылдары аталмыш бағдарламаның арқасында Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын үлкен трансконтинентальды жолдың іргесі қаланып, 2025 жылға дейін аяқталатынын жеткізді.


- «Нұрлы жол» бағдарламасының кезеңі аясында еліміздің көлік-логистикасын құру және транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту бойынша жұмыс жалғасады, - деді Мамин отырыста.


Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осы күнге дейін 10 мың шақырым жолдың жөнделгенін, ал 2025 жылға дейін автожолдардың барлығы реконструкциядан өтетінін баяндады.


- Транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында халықаралық дәліздерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол дәлізінің 1 882 шақырым жұмысы аяқталды және 1 647 шақырым құрылыс жұмыстары басталды, олар 2021 жылы аяқталады, - деді Атамқұлов.


Другие новости