Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Билік 8 адамның қаза болғанын хабарлады. Полиция жанжал болған аумақты қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбеуге тырысты. Тұрғындардың айтуынша, жанжалға ауыл тұрғынының соққыға жығылуы себеп болған.



"8 АДАМ ҚАЗА БОЛДЫ, ОНДАҒАН АДАМ ЖАРАҚАТТАНДЫ"


Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты бірнеше елді мекенде болған жанжалдан сегіз адам қаза болды, ондаған адам жарақаттанды деп хабарлады Қазақстанның ішкі істер министрлігі 8 ақпанда Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде.


"7 ақпанда кешкі сағат 19.00-де Жамбыл облыстық полиция департаментінің кезекші бөліміне Қордай ауданы Масаншы ауылы маңында шамамен 70 ашулы тұрғынның жиналып тұрғаны, бұзақылық ниетпен олардың төбелесе бастағаны хабарланды. Оқиға орнына Қордай аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлері барды" деді Ерлан Тұрғымбаев.


Министрдің айтуынша, бұдан кейін әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде тараған "арандату" сипатындағы видеолар оқиғаны онан сайын ушықтырған. Соның кесірінен көрші елді мекендерден тағы 300 адам келген.


Жиналғандар полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, метал заттар, тас, мылтық қолданды деді министр. Кейіннен жанжал көрші Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарын да шарпыған.


30-дан астам үй, 15 сауда нысаны қираған, 23 көлік бүлінген. 47 адам полицияға жеткізілген. Екі аңшылық мылтығы тәркіленген. Министр "барлық кінәлілердің жауапқа тартылатынын" айтты. Оқиға себептерін анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылған. Полиция "Тәртіпсіздікті ұйымдастыру" және "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.



ҚОРДАЙДАҒЫ ЖАҒДАЙ


Қазір Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе және тағы бірқатар елді мекендерде полиция бақылауы күшейген. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 8 ақпанда түс кезінде Қаракемер мен Масаншы ауылының қиылысында ауыл тұрғындары жиналып, жанжалдан кейін ұсталған ондаған азаматты қамаудан босатуды талап етті. Қордай ауданының әкімі оларды клубқа барып мәселені талқылауға шақырғанмен тұрғындар келіспеді. Видеодан бір жақта - омон жасақтары, бір жақта Қаракемер тұрғындары тұрғаны көрінеді.


Тұрғындардың сөзіне қарағанда 7 ақпанда мұнда кемінде бес ауылда жанжал болған. Жанжалға көрші ауылдардың бірінде тұратын қарияның соққыға жығылуы түрткі болған. Ізінше жұма күні бұл жаққа "өздері танымайтын" бірнеше жүз адам келіп, үйлер мен дүкендерді өртеп, көліктерді бүлдіріп, тұрғындарға шабуылдаған.


Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғаның болатынын полиция алдын ала болжап білуіне болатын еді дейді. Жанжал ушықпай тұрып мұнда он шақты полиция жүрген, бірақ жұма күні "келген топқа ие бола алмады" дейді тұрғындар.


WhatsАpp мессенжерінде "Қордайда түсірілген видеолар" деп тараған кадрларда өртенген ғимарат, жарығы сынған көліктер, полиция көліктері байқалады.


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қордай ауданындағы тәртіпсіздікке тұрмыстық сипаттағы жанжал себеп болды деді.


- Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Аяқталысымен полицейлер не болғанын хабарлайды. Кім кінәлі? Не үшін болды? Барлық сұрақтарға жауап береді, - деді Дәурен Абаев.


Жергілікті БАҚ Қордай аудандық орталық ауруханасына көп адам түскенін хабарлады. Жарақаттанғандардың бір бөлігі көрші Қырғызстанның Тоқмақ қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Олардың 10-ы сол ауруханаға жатқызылған. Екеуі Бішкекке әкетілген.


Қырғызстанның шекараны бақылау органдары өткен түнде Қазақстан жағынан Қырғызстанға қарай әдеттен тыс көп көлік пен адам шекараны кесіп өткенін хабарлады.

Другие новости