СҚО-да прокуратура мемлекет меншігіне 20 жер учаскесін қайтарды


Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жер қатынастары саласына талдау жүргізіп, өрескел заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, әкімдіктер жер учаскелерін конкурстан тыс заңсыз берген, кей жер ұзақ уақыт пайдаланылмаса да шара қолданылмаған, сондай-ақ меншік құқығы үшін төлем жасалмаған.

Мысалы, Есіл, Уәлиханов, Шал ақын, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласының жер пайдаланушылары ҚР Жер кодексінің 92-бабын бұзып, жалпы аумағы 8,5 мың га болатын 65 жер учаскесін ұзақ уақыт бойы пайдаланбаған.

Осыған қарамастан жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары бұл жерлерді алып қою үшін тиісті шара қолданбаған.

Айыртау ауданы әкімдігі мен Петропавл қаласы жер қатынастары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары ҚР Азаматтық кодексіне сай жасалған келісімдер бойынша жер пайдаланушылардан берешекті өндіріп алуға әрекет етпеген.

Салдарынан меншік және жалға алу құқығын сатып алу үшін олардың қарызы 94 млн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі жеке және заңды тұлғаларға конкурстан тыс 6 жер телімін берген.

Қадағалау органының актілері бойынша 6 лауазымды тұлға, оның ішінде Петропавл қаласының жер қатынастары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, мемлекетке келтірілген залал - 44 млн теңге өтелді, жалпы кадастрлық құны 180 млн теңгеден асатын 20 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Другие новости