Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации, просят вернуть их на родину
Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай ісінің басы-қасында жүрген журналист Сәуле Әбединова Sputnik тілшісіне сұхбат берді.
Сәуле Әбединова Сауытбайдың ісіне кірісуіне ең алдымен адами фактор әсер еткенін айтты.
"Ең алғаш Сайрагүлдің тағдыры туралы Abai.kz сайтынан оқыдым. Сайрагүлдің қайнысы Нұрболаттың "Жеңгемді шекара күзет қызметкерлері алып кетті" деген видео үндеуінен кейін Facebook парақшамда тікелей эфир жүргіздім. Ол жерде Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләммен сұхбаттастық. "Атажұрт" бірлестігі мені оқитын аудиторияның кең екенін айтып, Уәли Ісләммен таныстырған болатын. Осыған дейін де оралмандар мәселесін, Қытайдағы қандастар мәселесін парақшамда жазып жүргенмін. Көп ұзамай Сайрагүлдің тағдырымен бетпе-бет келдік".
Қазақтың тарихында бірінші рет…
Сайрагүлдің ісімен танысқан журналист сол күннен бастап осы істі әйел ретінде, ана ретінде өз бақылауына алғанын айтты. Үшінші кезекте ғана кәсіби маман, журналист ретінде бұл мәселені қадағалауым керек деп шешкен. Сонымен қатар аталған істі соңына дейін жеткіземін деп мақсат қойған.
"Алғашқы кездері біздің жергілікті, бұрыннан осында туып-өскен қазақ қоғамының назарына қандастар мәселесі іліге бермейтін. Ол тек оралмандардың өз мәселесі болып қалатын. Қандастар биліктен көмек сұраса да, шағымданса да, арызданса да тек өз сөлінде өзі қайнап жатқан әлеуметтік топ еді. Арасында жергілікті журналистер өзекті мәселелерге келгенде араласты".
Журналистің айтуынша, дәл осы Сайрагүлдің тағдырындай бүкіл алты алаштың басын қосқан мәселе қазақтың тарихында бірінші рет болып отыр.
"Сайрагүл Сауытбайдан саясаткер жасаудың қажеті жоқ"
"Сайрагүлге Қытайдың барлық құпиясын жайып сал деп айту адамгершілікке жатпайды. Сайрагүл саясаткер боламын деп немесе Қытайдың құпиясын бүкіл әлемге ашып, Қытаймен бірден соғысты бастап кетеммн деп келген жоқ. Сайрагүл жасырын келіп, бала-шағасымен қауышуды ғана ойлады. Сондықтан Сайрагүл Сауытбайдан саясаткер жасаудың қажеті жоқ".
Сәуле Әбединова Сайрагүлге саяси құрал ретінде қарап, оны құрбандыққа шалып жіберудің қажеті жоқ деген пікірде.
"Дәл қазір Сайрагүл сот шешімін өз күшіне енуін күтіп отыр. Шешім 15 күнде күшіне енеді. Одан кейін үш ай ішінде оны босқын деп тану, танымауды комиссия шешеді".
"Қытай жайына қалдырмайды…"
Журналистің айтуынша, Қытай Сайрагүл Сауытбайды жайына қалдырмайды.
"Оны бәріміз білеміз. Сайрагүл бүкіл ақпаратты жайып салса да, өзі білетін ақпаратты ешкімге айтпай ішінде сақтаса да, Қытай оны жайына қалдырмайды. Дәл осы мәселеде адвокат ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметіне бірнеше рет Сайрагүл Сауытбайдың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы өтініш жолдады".
Алайда адвокаттың Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жолдаған өтініштеріне әлі жауап келмеген.
Естеріңізге сала кетсек, Қытай азаматы, шекарадан заңсыз өтті деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот үкімі 1 тамызда шықты. Алматы облысының Панфилов аудандық соты қандасымызды 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмайды. Сайрагүл Сауытбай алты ай пробациялық бақылауда болады.