Қадағалаушы орган Вконтакте желісінен суицидті насихаттайтын 4 топты жауып тастады, деп хабарланды Жамбыл облыстық прокуратурасы сайтында.




Тараз қалалық прокуратурасы «Вконтакте» желісінде өзіне-өзі қол жұмсау бағытына үгіттейтін топтар мен парақшаларға мониторинг жүргізді.


Сайттағы хабарламада: «Тіпті, олардың атаулары да адам шошытарлық: «Кровь, порезы, суицид», «Мир суицидника», «Мой суицид», «Порезы, вены, кровь», тағы басқалары», -делінген.


Бұл топтарда 100-ге жуық адам тіркелген, олардың бірнешеуі өздерін Қазақстан азаматы деп тіркеген. Топтарда суицидтің түрлері, әдістері жайлы түрлі жазбалар, ұсыныстар, жасөспірімдер арасына өз-өзіне қол жұмсау пропагандасы кездеседі.


Прокурорлардың айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясына, «БАҚ туралы Заңға», «Қазақстандағы бала құқығы Заңына» сәйкес, зорлық-зомбылық пен қатігездікті насихаттауға болмайды.


Қазақстанда әлеуметтік желілер ақпараттық құралдар санатына қосылған.


Қадағалаушы орган Тараз қалалық сотына аталған топтарды Қазақстан Заңына қайшы ақпарат жариялайтын, шетелдік баспасөз деп танып, Қазақстанда қолданылмауын қамсыздандыру жөнінде талап жіберген.


Сот прокуратураның талабын қанағаттандырып, осы парақшаларды ел ішінде бұғаттау туралы шешім шығарды.


Бұрынырақ, Екібастұз прокуратурасы 13 әлеуметтік желі парақшасын Заңға қайшы мәліметтері үшін жауып тастаған болатын.

Другие новости