Токиодағы Олимпиада ойындары мүлде өтпей қалуы мүмкін.




2021 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының тағдыры қыл үстінде тұр. Бұл туралы Токиодағы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Есиро Мори айтты.


«Олимпиада ойындары 2022 жылға шегерілмейді. Ондай жағдайда Олимпиада ойындарын мүлде өткізбейміз.


Бұрын Олимпиаданы соғыс кесірінен өткізбеген. Қазір біз көзге көрінбейтін жаумен арпалысудамыз. Егер біз коронавирусты жеңіп, Олимпиада ойындарын өткізетін болсақ, онда Токиодағы Олимпиада ойындары бұрынғылардан ерекше есте қалатын еді», деді Мори.


Сондай-ақ Жапония дәрігерлер қауымдастығының басшысы Еситакэ Екокура да күтпеген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына қарсы вакцина табылмаса, Олимпиада ойындарын өткізу қиын болады.


«Мен Олимпиада Жапонияда өтуі керек пе, жоқ па, ол туралы айтпаймын. Егер тиімді вакцина жасалмаса, Олимпиада ойындарын өткізу қиындайды деп ойлаймын», деді Екокура.


Екокура Жапония үкіметін Олимпиададан үмітін үзбеу үшін емдеудің әдіс-тәсілдерін жақсарту мен коронавирустың жаңа түрлеріне қарсы вакцина әзірлеу ісін тездетуге шақырды.


Айта кетейік, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жаңа коронавирус індетін пандемия деп жариялады. Соңғы мәлімет бойынша әлемде үш миллионнан астам адам вирус жұқтырған. Токиодағы Олимпиада ойындары 2021 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтуі керек.

Другие новости