Батыс Қазақстан облысында тубшипажайдың бас дәрігері миллиондаған қаржыны жымқырды деген айыппен, 7 жылға сотталды. Айман Мұқашева мемлекетке 35 миллионға жуық қаражат шығын әкелген, -деп хабарлайды аймақтық «Мой город» басылымы.




Істің материалдарына сай, Айман Мұқашева соңғы үш жылда облыстық «Қарағайлы» туберкулездік шипажайын басқарған екен. Осы үш жыл ішінде ол орталық ішінде түрлі заң бұзушылықтарға жол берген.


Сотталушы шипажайға орналастырылған науқастардың медицина картасын заңсыз өзгерткен. Ем алған уақыттар мен пайдаланылған түрлі медикаменттердің санын көбейтіп отырыпты. Тек дәрі-дәрмектің өзінен бас дәрігер 26 млн теңге «пайда тапқан» екен.


Айман Мұқашева қызметкерлердің жалақысын өзіне алып, астыртын ақша тауып қана қоймай, қызметтік дәрежесін заңсыз пайдаланған. Сот шипажайдың тазалық қызметкері оның үй қызметшісі болғанын дәлелдеді. Санитар әйел негізгі жұмысына анда-санда ғана шыққан. Ал директор оған қағаз жүзінде бес күндік жалақы тағайындап, мемлекеттің қаржысын заңсыз иемденіп келген.



Оған қоса, шипажай күзетшісі қызметіне бас дәрігер өз күйеуін орналастырған. Өзінің толықтай жалақысын алса да, ол жұмысқа бір рет те келмепті.


Істегі тағы бір сұмдық – Мұқашеваның медбикелерден ақша талап етуі. Медбике мен санитар әйелдің қызмет орнына мас күйінде келгені үшін, оларды жұмыстан шығармауға уәде беріп, пара есебінде 15 мың теңге сұраған.


Онымен қоймай, бас дәрігер қызметкерлерден су сорғысына деп 110 мың теңге жинап алыпты. Бірақ, сол күйі сорғыны ешкім көрмеген.


Сот айыпталушыны бірден 4 бап бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметке тұру құқығын өмір бойына шектелді. Сот шешімімен Айман Мұқашева мемлекетке келтірген 34,8 млн тенге қарызын өтеуге міндеттелді.

Другие новости