Қазақстанда такси ретінде тіркелмей, жолаушы тасымалдайтын азаматтармен күрес жүргізілмек. Заңсыз таксистердің көлігі алынып, осындай қызметті пайдаланған жолаушыларды мінген орнына қайта апарып тастайтын болады. Бұл жөнінде Қазақстанның Бас көлік прокурорының мәлімдемесіне сілтеме жасап, Nur.kz хабарлайды.




Кейінгі кездері осылай заңсыз жолаушыларды отырғызатын көлік иелері көбейіп кеткен. Бас прокурордың айтуынша, олар жолаушылардың жеке бас қауіпсіздігіне ешқандай жауап бере алмайды.


Мысалы, осы жылдың 6 сәуірінде, Батыс Қазақстан облысының Самара-Шымкент тас жолында заңды тіркелмеген, «Dimler-Benc» автобусы 69 жолаушысымен бірге аударылып қалған. Бұл жол апатының салдарынан 4 адам қаза тауып, қалғандары әр түрлі дәрежедегі жарақат алыпты. Ал автобустың жүргізушісі 2010 жылдан бері, тура 16 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған азамат болып шықты. Оған қоса, ол 2015 жылы есірткіге мас күйінде автобус айдағаны үшін, жүргізуші куәлігінен айырылған екен.


2016 жылдың тамызынан Бас көлік прокуратурасының бастамасымен, жергілікті полиция қызметі заңсыз жолаушы тасымалына қарсы мобильдік топтар құрды. Осындай фактпен ұсталған жағдайда, көлік айып тұрағына қойылып, тергеу амалдары жүргізілетін болады.


Заңсыз жүргізушінің қызметін пайдаланған жолаушылар көлікке мінген орнына қайта апарып тасталады екен.


Ал жолаушының тіркелмеген тасымалдаушыдан ақшасын қайтарып алуы қандай да бір құжаттың көрсетілуінсіз жүзеге асатын болады.

Другие новости