Инцидент произошел на 126-м маршруте
Қазақ батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жат ағым жетегіне ерген жастардың әрекетінен шошитынын айтты деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
"Кішкентай қызды қылқындырып қара орамал салып, көгеріп, сазарып: "Қызым осы орамалмен мектепке бармаса, сендерді сотқа беремін" дегендерді өз көзіммен көрдім. Балаға қылғындырып орамал тағу қай атаңнан қалған мұра еді?! "Қазақпын деп айтпа, мұсылманмын деп айт" дейді. Соған аңқау қазақ "Әльхамдулиллах, мұсылманмын" деп отыр. Дұрыс емес.
Алдымен қазақсың, содан кейін мұсылмансың. Егер дін ұлттың үстіне шығатын болса, ұлт жойылады. Олардың түпкі мақсаты сол. Олар "Аллаға серік қосып тұр" деп келінге сәлем етуге де тыйым салады. Құранның қай жерінде "Үлкенге құрмет көрсетпе" деп жазулы екен?! Солар жылда Меккеге барғанда қара тас қағбаны жеті рет неге айналып жүр?
Ол серік қосқан емес пе? Қара тасқа саусақтың ұшын тигізу үшін аяғының астындағы адам мыжылып жатса да, қарамайды. Рас, қағба қасиетті жер. Дүниежүзі мұсылмандары бас қосатын жер. Бірақ, ол Құдай емес қой", - дейді халық қаһарманының келіні.
Жазушы елдегі шенеуніктердің елбасы бағдарламасының берекесін кетіріп жатқанына да тоқталды.
"Бәрі де рухани жаңғыру деп әлек болып кетті. Беті жылтыраған екі әншіні шақырып, соған ән айтқызып, сол шараны "рухани жаңғыру" дейді. Ол жаңғыру емес, қаңғыру. Рухани жаңғыру үшін сана жаңғыру керек. Қазақтың сан ғасырлық өнегелі тәрбиесі жұлмаланды және мүлде басқа жаққа қарай бұрылып кетті. Сондықтан біздер көп жерде талай нәрседе тығырыққа тіреліп отырмыз.
Егемендік алғаннан кейін шекарамызды ашып, құшағымызды жайдық. Жақсы да келді, жаман да келді. Біз көргеніміздің барлығын қабылдадық. Батыс келіп жалаңаштады. Шығыс келіп тұмшалады. Ат төбелінде бір уыс қазақтың шақшадай басы шарадай болды. Қай жағына қарарын білмей қалды. Сол ата-ана өзінің ұрпағын да адастырды. Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық болады. Балға жұмсақ болса шеге қағылмайды. Сол секілді балаларды ата-аналардың өздері бүлдірді", - дейді Зейнеп Ахметова.