Что ответили в Антикоре по делу бывшего акима ВКО
Sputnik колумнисі Кәмшат Сатиева жоғарыдағылардың назарынан тыс қалып отырған маңызды мәселе туралы ой толғады.
"Қалаулымды" біреу көреді дегенге, өз басым, сенбеуші ем. "Тұнып тұрған пафос, кейбір кейіпкерлері "қолдан жасалған", осы өтірікке кім сенеді" деп ойлаушы ем. Бірақ менің бұл ойым демалысқа ауылға барып-қайтқанда түбегейлі өзгерді. Сөйтсем қатты жаңылысқан екенмін...
Мен ат басын тіреген ауыл - еліміздің шығыс өңірінде жырақта жатқан 1200 адамы бар шағын елді мекен. Онда интернет жоқ. Мұндағы қыз-келіншектер түстікке ерте қамданады. Өйткені сағат 12-де "Қалаулым" басталады ғой. Сол үшін де үйдегілердің тамағын беріп, қолдарын ерте босатуға тырысады. Әрине, бұл шоу қолы бос адамға жақсы ермек. Алайда теледидарға үңілген ауыл халқынан байқағаным, оның тағы бір ерек себебі бар екен.
Мысалы, сол ауылда басы бос ер азаматтардың саны 90-нан асады, алдының жасы 50-ден асып жығылады. Ал ажырасқандары 100-дің үстінде. Бұл - сол ауылдың әйелдері берген статистика. Расында, кешке көшеге шықсаңыз, сеңдей соғылған топ жігітті көресіз. Ана қораның, мына қораның бір бұрышында жиналып тұрады. Өйткені уақыт өлтіретін түк жоқ мұнда. Клуб бар, бірақ студенттер келгенде ғана оған жан бітеді.
Ал шоу-бағдарламаға құмар жанның басым бөлігі осы салт басты еркектердің анасы, тәтесі, туысқаны дегендей. Бағдарламаға бір тәуірлеу қыз кеп қалса, ол кісілер кәдімгідей өзара таласып-дауласады.
"Мынау менің Ержаныма жақсы екен" десе бірі, көрші әйел одан қызғанып "Қойшы сенің балаңды қайтеді, біздің Сайлаубекке енді бұл қыз қарайды" деп дәмеленіп, сызданады.
Әрине, бұл орындалмас арман, жалған үміт қой. Мұны олар білмейді демейді дейсіздер ме? Біледі жақсы оны.
Бірақ "қашанғы жүрем, мен аяқ-асты жоқ болсам, бұл жалғыз не істейді" деп алаңдайтын ананың секемшіл жүрегіне демеу болар басқа түк жоқ болса, қайтеді? Өз-өзін осылай алдап, ешкімге білдіре бермейтін жан жарасын "жамағандай" болады олар. Иә, алдамшы болса да оны қаяу көңіліне медет тұтады.
Ал анасының арғы жағынан білдірмей, пластмасс теледидарға тығыла үңілген сол сүрбойдақтардың кейбірінің жанына жалғыздық батпайды дейсіз бе?
Батады, әрине. Білдірмейді намысқа тырысып. Ашып айтпаса да, бірақ олардың да бір арудан үкілеген үміті бар.
Сондықтан оларды әлеуметтік желіде "Қалаулымды" жерден алып, жерге салып жатқандар еш қызықтырмайды.
"Құдай-ау, қаншама қыз-келіншек бай таппай жүр елімізде. Статистикасынан көз сүрінеді. Солар бұл жігіттерді неге көрмей жүр" дерсіздер біреуіңіз. Қалай көреді, егер олардың сыртпен ешқандай байланысы болмаса...
Байланыс демекші, мысалы, қателеспесем, Германияда кәрі қыздар мен сүрбойдақтарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Ол бойынша жылда сүрбойдақтары көп ауылға сол елдегі кәрі қыздардың барлығын үкімет бір аптаға турға апарады. Күйеуге тигісі келген арулар да жылына бір рет берілетін еңбек демалысын осы уақытқа жоспарлауға тырысады.
Оған бүкіл кәсіпкерлер қауымы, шоу-бизнестің бәрі әзірленеді. Өйткені, қазақша бейнелеп айтқанда, ол арада жастардың үш күн тойы, бес күн ойыны болады ғой. Табыс табуға таптырмас орын. Ең бастысы, сол арада ең құрымағанда 10 жұп бас қосса, Германия билігі бұған қатты қуанады екен. Ал бізде ше?..
Сүрбойдақ не істеп жүр, кәрі қыздар қайтіп жүр, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Құдды, ондай проблема жоқ секілді елімізде. Арасында жәй дақпырт үшін, ел көзіне түсіп қалу үшін бір депутаттар үстелді тоқпақтағандай болады, цифрларды сөйлетіп. Бірақ одан пайда бар ма? Жоқ қой. Ал Үкіметтің миын тескені ақша ғана. Сүрбойдақтарға салық салғысы келеді. Болды, басқа бір ақылға қонымды ұсыныстарын естіп көрмеппін, өз басым.
Мұның бәрін көп "қаламайтын" дейтін "Қалауымның" сойылын соғу үшін айтып жатқаным жоқ. Керісінше, бірінші ретте себепке емес, салдарға назар бұруды үйренсек деймін. Сонда сөзін өткізе алатын қауым көтерген мәселенің салмағы да артып, пайдасы да әлдеқайда тиімдірек болар ма еді, қалай?
Әрине, тағы қайталап айтамын, бұл менің жеке ойым. Бүгін бар, ертең жоқ бір бағдарламамен алысып уақыт өлтіргенше, ана депутаттарды қозғап, Үкіметке сөзімізді неге өткізбеске? Жоқ емес, бар ғой проблема. Демография деген стратегиялық маңызды мәселе.
Жан-жағыңызға қараңыз, бәрі еселеп көбейіп жатыр. Бос жерімізге көз алартатындар да көп. Толтыру керек қой адам басымен оның бәрін. Жағдай жасасын жастарға! Үйленуіне, көбеюіне, Конституцияда кепіл етілгендей бақуатты өмір сүруіне.
Жылда демеймін, ең құрымағанда, осы "Жастар жылында". Үй бермесе, де жер берсін тегін. Қолына ақша ұстатпаса да, субсидия бөлсін ауылда іс жүргізуіне. Оның мақсатты бағытталуын қадағаласын.
Барып жүрміз ғой ауылға. Білеміз, жеңілдікпен берілетін несиенің кімдер алып жатқанын. Өз-өзін жұмыспен қамтып, жанталасып жүргендердің көбісіне көк тиын жоқ мемлекеттен, айтсаң оны өздеріне, ол не деп сұрайды тағы таңғалып. Естімеген, білмейді өзі секілділерге жеңілдіктің барын. Неге?.. Өстіп қаузай берсең, қопарып көтерер, шешімін таппаған мәселе көп бізде, негізі...