Тапсырманың да түр-түрі болады. Мұнан біраз уақыт бұрын ата-аналар тарапынан «үй тапсырмасын үйіп-төгіп бермесін» деген талап «төрге озған» еді. Бұл туралы Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы баяндайды.



Рас, мектеп бағдарламасын шамадан тыс қиындату оқушының білімге деген ынта-жігерін төмендетпей қоймайды. Қит етсе, мұғалімдерді аяп, қаралап шығатын қауым көбейді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деуші едік. Қазір әлеуметтік желіде «ұстамы жақсы, ұстазын қайдам?» деген сыңайдағы жазбалардан көз сүрінеді. Мұның басты себебі мұғалімдердің мемлекеттің «жеке меншігіне» айналғанынан. Демек, педагогтердің ел-жұрт алдында бұрынғыдай беделі жоқ. Мұны мемлекеттік жүйемен байланыстырмасақ тағы болмайды. Бірақ бұл – басқа тақырып.


Ал біз қозғағалы тұрған тақырып мұғалімдерге тағылған негізсіз айып па, орынды сын ба, оны білмейміз. Біздің мақсат – осы саланың ортасында қыз-қыз қайнап жүрген мықты мамандардың пікірін білу. Ендеше...


«Жалпы, мектептегі мұғалімдердің бастауыш сынып оқушыларына өлең жазып келу туралы тапсырма беруді қойғаны жөн. Ақын болу – екінің бірінің маңдайына жазылмайтын Алланың сыйы. Балаларды өтірікке тәрбиелеудің бір жолы осы болып тұрғандай. Адал жолмен тапқан табысымызбен өсіріп, жасандылықтан сақтағанға не жетсін!?» деген пікір кез келген адамды ойландырып-ақ тастайды.


Бірақ мұндай тапсырманың мүлде керегі жоқ деп үзілді-кесілді пікір айтуға әсте болмайды.


- Меніңше, оқушыларға өлең жазып келу туралы тапсырма бергенде тұрған ештеңе жоқ. Иә, барлық бала ақын емес. Бірақ, бұл қанда бар қасиет ғой, екінің бірі ойынан өлең өре алады. Әрі олардан мөп-мөлдір поэзия күтіп тұрған ешкім жоқ. Жай ғана өй-өрісін, ойлау жүйесін дамытуға арналған тапсырма. Мысалы, балаларға кейбір есептерді шығаруға ата-анасы да көмектеседі, сондықтан мұндай тапсырма үшін мұғалімді кінәлауға болмайды деп ойлаймын, - дейді ұстаз Айғаным Жұмабекова.


Былайынша келгенде, бұл болмашы мәселе ғана сияқты көрінеді. Бірақ, тамшы теңізден құралады десек, түйткілдер ірі не ұсақ боп бөлінбесе керек-ті. Сондықтан болар, пікірлер қайшылығын ойлы оқырман назарына ұсынуға тура келді. Айтпақшы, желідегі толастайтын түрі жоқ пікірлердің арасындағы мына бір сөйлем қатты әсер етті. «Мұның аты – «ми зорлау». Ми шектен тыс зорлана берсе, бала кейін оқуға, кітапқа беттемей қалады».


Әрине, мектеп бағдарламасын, пәндерін қиын ету кімге де болмасын абырой әкелмейтінін жоғарыда жаздық. Баз біреулер үшін талқылауға тұрмайтын тақырып болса да, мектеп мәселесіне келгенде бұған атүсті қарай алмаймыз. Сіз ше, бұл турасында ойланып көрдіңіз бе? Қандай пікір білдіресіз?

Другие новости