Алматы тумасы 35 жастағы Әлия Гарифулинаның АҚШ-та тұрып жатқанына 8 жыл болыпты. Бүгінде ол үш ұлдың анасы. Ал тұңғыш ұлы биыл мектеп табалдырығын аттапты. Алматылық әйел Tengrinews.kz тілшісіне АҚШ-тағы бала тәрбиесі мен оларға деген көзқарасты айтып берді.




Әлия Гарифулина АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласына 2010 жылы көшіп келген. Осында отбасын құрып, қазір үш ұлымен, жолдасымен тұрады. Үлкен ұлы қазір алты жаста. Ол биыл бірінші сыныпқа барған, екіншісі үш жасар, ал кенже баласы бірге келіп қалды.



Америкада оқушылар үш рет мектеп ауыстырады екен. Олар бастауыш (ағыл. elementary school), орта мектеп (ағыл. middle school) және жоғары мектеп (ағыл. high school) деп бөлінеді. Бала шамамен 5 жасында нөлінші сыныпқа барады (нем. kindergarten), онда оқу кейбір шаттарда міндетті емес және ол білім беру болып саналмайды. Дегенмен барлық дерлік бала мұнда kindergarten-ге барады екен. Немісшеден аударғанда ол "балабақша" дегенді білдірсе де, АҚШ-тағы балабақшалар бөлек, оны preschool дейді, яғни мектепалды дегенді білдіреді. Ал кейін бастауыш сыныпқа (elementary school) барады. Ал 5-6-сыныптардан 9-сыныпқа дейін оқушы орта мектепке (middle school) барады. Ал 9-дан бастап 12-ге дейін жоғары мектепте (ағыл. high school) оқиды. Осылайша америкалықтар орта білімді 18-19 жасында алып шығады.



Қазақстандағы мектептерден қандай айырмашылығы бар?


Әлия Қазақстан мен АҚШ-тың бастауыш сыныпта оқитын пәндері ұқсас болса да, айырмашылықтар байқағанын айтты. Мысалы, мұғалімдердің қолданатын әдісі мен қатаң талаптар.


"Америкалық мектептегі білім беру жүйесі біздікінен ерекше екені белгілі. Онда оқу барысы қызықты әрі балаға ләззат беру керек. Мұнда оқушыға ұрысуға, ұялтуға, жазалауға да болмайды. Мұғалім баланың жетістіктеріне мақтау айтып, тек позитив әсер етуі тиіс. Тіпті бағамен де "ренжітуге" болмайды. Нәтижелерді жеке өзіне хабарлайды. Онда әріптік бағалау жүйесі қолданылады - ағылшын әріптерімен "А"-дан "F"-ке дейін. Ал мектеп табалдырығын аттағандар ұпай, яғни points жинайды. Бала әр жинаған 10 ұпайға ойыншық ала алады. Ұпайды сабағын тұрақты оқып, тәртібі жақсы балаларға береді. Мысалы балам оқитын метепте қағаздан жасалған ағылшын ақшасын береді. Бұл әдіснамасын бірінші рет кездестіруім емес. Спорт секциясында да байқағанмын, өзім үйде де балаларыма тәртібі жақсы болса жұлдызшалар береміз. Олар 10 данасын жинағанда тиісті марапатына ие болады. Осылайша ақша құндылығын да үйретеміз", - дейді қазақстандық келіншек.



Әлияның айтуынша, мектепте жиналыс өткізу әдісі де Қазақстаннан өзгеше екен.


"Мұнда әр баланың ата-анасымен жылына екі рет, оқудың басында және аяғында бөлек жиналыс болады. Балалар тоқсан сайын тест жазып тұрады. Жылдың соңында да бала арнайы тестілеуден өтеді. Мұғалім оның бір жыл ішіндегі жетістігі жайлы ата-анаға баяндайды. Байқағаным, мұнда да олар баланың тек жақсы жақтарын айтуға тырысады", - дейді ол.


Америкада тұрамыз деп барлығын осындағыдай жасай алмаймыз, дейді Әлия. Мұндағылардың көбі эмигранттар болғандықтан менталитет те түрліше. Әркім баласын өзі дұрыс көретін құндылықтарға үйретеді және жергілікті тұрғындар тарапынан кемсіту деген жоқ екен. Алайда Әлия АҚШ-та бала тәрбиелеу мәселесінде екі негізгі ерекшелік байқапты.



"Жұрттың баласы" деген түсінік жоқ


"Біріншіден, Құрама Штаттардағы баланың таңдау құқығы бар: кіммен ойнайтынын, қандай пәндер оқу мен қандай университетке түсетінін өзі таңдайды. Ал бізде кей жағдайлар ата-ананың қалауымен болып жатады. Екіншіден, олар балаларын басқалармен салыстырмайды, себебі нәтижесінде бала қоғамда өзін өзгеден кем сезінуі мүмкін деп ата-ана алаңдайды. Онда сіз ешқашан "Міне, Дана жақсы оқиды, ал сен жалқаусың" дегенді естімейсіз. Америкалықтар баланы Құдай берген сый деп есептейді, бала қандай боласа да, оған қысым көрсетпей, жай ғана қуануды дұрыс көреді. Әйтпесе, ол отбасында ғана емес, қоғамда да өзін сенімсіз сезінеді, тіпті агрессив болуы мүмкін. Тек осылайша, баланы тұлға ретінде тәрбиелей алады деп ойлайды.


Америкалық балаға ересек адам ретінде қарайды. Яғни оның айтқан сөзін тыңдап, таңдауын құрметтейді. Әрине, оны дұрыс жолға бағыттап тұру керек, бірақ бұйрық түрінде емес. Ата-аналар ненің дұрыс, негің бұрыс екенін түсіндіру керек. Ал бала отбасы құндылықтарын біліп үйренуі үшін оларды көбіне бірге алып жүреді. Мысалы, түрлі жиын мен кездесуге, мейрамхана, театр, цирк, шіркеу және басқаларына. Бала қоғамда ата-анасының өзін қалай ұстайтынын көріп өссе, ол да сол қасиеттерді өзіне сіңіріреді. Сонда ғана ол нағыз америкалық болады деп сенеді ата-аналар", - дейді ол.



Америкалықтар үшін бұзық баланы жазалаудың екі түрі бар екен. Оның бірі ойыншықтарынан айыру немесе теледидар көрсетпей қою және басқа. Екіншісі, істеген қылығын түсініп, ойлануы үшін орындыққа тыныш отырғызып қояды. Ондай кезде балаға "Сен қатты шаршадың, сондықтан өзіңді осылай ұстайсың" дейді екен. Ал жазалаудың алдында, қылығын екінші рет қаталамауы үшін баламен сөйлеседі. Бұл әдісті Әлия да қолданады екен.


Америкалық фильмдердегі секілді мұнда үйде бала бағушы көп жағдайда отырмайды. Баламен анасы немесе әкесі отырады. АҚШ-та басқа елдермен салыстырғанда аналар декреттен шығудан асықпайды. Себебі баланы 9 жасқа дейін үйде немесе көлікте болсын 5 минутқа да жалғыз қалдыруға болмайды. Ол заңға қайшы. Бала тапқаннан кейін оған бар уақытыңды бөлуің керек деген ұғым қалыптасқан. Жұмысқа шығып кеткен кездің өзінде балабақшаға жіберу керек.



Бала бағуға қанша ақша керек?


Әлияның айтуынша, Балабақшаның құны аптасына 200 доллардан басталады, ал айына шамамен 800-1000 долларға жетеді. Балаға қол көтеруге де мүлде болмайды. Біреу ондай жағдайды көріп қалса немесе мұғалім баланың денесінен көгерген іздер байқаса оңай полицияға бере алады екен. Мұндай жағдайға алматылық келіншек те куә болыпты.


Әлияның айтуынша, Америкада сабақ 15 тамызда басталады және баланың сабақ оқуына кітапханаларда еріктілер көмектеседі.


"АҚШ-та мемлекеттік мектептерде оқу тегін және әркім еркін киінеді. Ал бірегей форма көбіне жеке мектептерде кездеседі. Үй жұмысын аптасына бір рет - дүйсенбіде өткізеді. Яғни, оқулыққа ұқсас журнал болады, ол жерде барлық тапсырма мен оқитын нәрсесі жазылған. Үй жұмысын үйде аяқтаса болады немесе жергілікті кітапханалар бар, ол жақта балаларға сабақ жасауға көмектесетін еріктілер, студенттер мен жоғары сынып оқушылары жүреді. Балам енді бірінші сыныпқа барғандықтан, берілген тапсырмаларды орындауға кітапханаға апару жоспарда бар. Себебі түрлі адамдармен сөйлесіп балам көкжиегін кеңейтіп, қоғамға үйренісе алады деп сенемін. Мұның барлығы тегін", - дейді Әлия.

Другие новости